Италияның Милан қаласында облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған батысқазақстандық делегацияның қатысуымен өткен бизнес-форумда елбасының республикамызға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасы қаралды. Онда инжинирингпен, мұнайгаз саласына құрал-жабдық шығарумен айналысатын итальяндық ірі компаниялардың басшыларына Батыс Қазақстан облысы экономикасының негізгі салалары, инвестициялық әлеуеті, өңірді мұнайгаз кластеріне бағытталған машина жасау орталығына айналдыру жөніндегі іс-шаралары таныстырылды, деп хабарлайды strategy2050.kz.
Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, еліміздің батыс аймағының агроөнеркәсіп өнімдеріне деген сұранысын толығымен қанағаттандыруға болады. Сонымен қатар ЕАЭО мен ЕО елдеріне де азық-түлік экспортының көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Бұл бағытта шетелдік инвесторлар үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған.
Жалпы шетелдік компаниялардың облысқа инвестиция салуға қызығушылығы зор. Оған кабельді-сымды өнімдер шығарумен айналысатын кәсіпорын, жылыжай шаруашылығының құрылысы, заман талабына сай келетін жаңа қонақ үй салу жобалары мысал бола алады. Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін және жедел қарқынмен дамып келе жатқан басқа да түрлі жобалар бар.
Бұдан бөлек, облыс әкімі итальяндық компанияларды елордада өтіп жатқан EXPO 2017 көрмесін, сондай-ақ Орал қаласында дәстүрлі түрде өтетін "WestKazInvest – 2017" форумын тамашалауға шақырды. Онда шетелдік қонақтарға отандық кәсіпкерлермен кездесіп, өзара пікір алмасу, жаңа өнім түрлерін шығару, бірлескен кәсіпорын құру турасында келісіммен уағдаластық жүргізуге барлық жағдай жасалады.