Бұдан былай мемлекеттік органдар журналистердің ресми сауалына 7 күн ішінде жауап беруге міндетті болады. Мәжіліс депутаттары осындай өзгерісті көздейтін заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды 24.kz.
Бұған дейін өткен төменгі палата отырыстарында "БАҚ туралы" заңның жай-жапсары талқыланып, бірқатар толықтырулар енгізу үшін екінші оқылымға қалдырылған еді. Осыны ескерген үкімет, мемлекеттік мекемелердің журналистік сауалға қысқа мерзімде жауап беру ұсынысын қолдап, заң жобасын жетілдірді.
"Оған қоса қандай да бір оқыс оқиға кезінде керекті ақпарат 3 сағаттың көлемінде берілуге тиіс", - дейді мәжіліс депутаттары.
Айта кетейік, құжатқа енгізілген тағы бір жаңашылдық – балаларға арналған бағдарламалар арасында жарнама мүлдем көрсетілмейді.
"Адам өміріне қауіп төнетін жағдай болғанда мемлекеттік органдар оқиғаның жай-жапсарына қатысты мәліметтерін 3 сағаттың ішінде жариялауы тиіс. Бұл кез келген ақпарат көзінен жылдам әрі дәлме-дәл дерек алуға мүмкіндік береді. Мұндай талап елімізде алғаш рет заң жүзінде енгізіліп отыр", - дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев.