1,4 трлн теңгенің жұмысына бюджеттен 2 трлн теңге берілген

171

Жоғары аудиторлық палатаның тексеру нәтижесінде мемлекеттік міндеттемелердің көлемі жекеше әріптестерге қарағанда едәуір жоғары екені анықталды.  

1,4 трлн теңгенің жұмысына бюджеттен 2 трлн теңге берілген Фото: mcfr.kz

Үкімет Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік және концессия саласындағы заңнаманы жетілдіруге қатысты жаңа шаралар қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата МЖӘ жобалары мен концессиялық жобалардың тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізді.

Жалпы сомасы 1,4 трлн теңге инвестицияға (нысан салу үшін) мемлекет 2 трлн теңгеден астам шығынды өтейді. Бұл 1,4 есе көп. Жекелеген жобалардың құнының жоғары болуына, сондай-ақ валюталық тәуекелдерді өтеу, инвестициялар құрамына қарыздарды қосу және т.б. сияқты қолдау механизмдеріне байланысты.

Жобалардың күрт қымбаттауын болдырмау және бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін Жоғары аудиторлық палата Үкіметке концессиялық жобаларды іске асыратын жекеше әріптестерге валюталық тәуекелдерді өтеу тәсілдерін қайта қарауды ұсынды.

Нәтижесінде "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" заңға тиісті өзгерістер енгізілді: енді әрбір келісімшартта валюталық тәуекелдердің қалай бөлінетіні және оларды қалай өтеуге болатыны жазылуы тиіс.

Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік-жекешелік әріптестік нысандарын салу немесе қайта жаңарту құнының, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың және жекеше әріптестердің шығындарын өтеу көздерінің есебін жүргізу әдістемесіне жекелеген нормаларды реттеу бөлігінде өзгерістер енгізуді тапсырды.

Енді құжатта мемлекет жекеше әріптестердің шығындарын, оның ішінде МЖӘ нысанының инженерлік және технологиялық жабдықтарын күтіп-ұстауға, сондай-ақ бірегей жабдықпен жұмыс істеуді үйретуге арналған шығындарын өтейтіні нақты жазылған.

Аталған түзетулер министрліктің биылғы 16 маусымдағы бұйрығымен бекітілді. Олар МЖӘ жобалары бойынша шығындар құрамы мен операциялық шығыстар көлемін айқындау кезінде екіұшты түсіндірулерді болдырмауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу