Қазақстанда 600 мыңға тарта отбасы "сұр" спутниктік тарелкаларды пайдаланып жүр. Жалпы елімізде мөлшермен 1,5 миллион адам қазақстандық телеарналарды қарамайды. Бұл туралы ҚР парламенті мәжілісінің жалпы отырысында ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
"Бұл мәселе еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты. Қазіргі кезде 600 мыңға тарта отбасы "сұр" тарелкаларды пайдалануда. Бұл жерде жады картасы пайдаланылады. Ал онда қазақстандық телеарналар орнатылмаған. Осы орайда шамамен 1,5 миллион адам Қазақстанның ақпараттық кеңістігінен тыс қалып отыр, яғни олар қазақстандық телеарналарды қарамайды және елімізде не болып жатқанын білмейді", – деді министр.
Абаевтың айтуынша, ел тұрғындары "сұр" тарелкаларды пайдалануды жалғастыруда. Себебі, бұл сала елімізде заң жүзінде реттелмеген.
"Сондықтан бұл мәселені өзекті деп білеміз. Осы құрылғыларды пайдалануды адамдар жалғастыра береді. Бұл тұрғыда тұтынушыларға ықпал етудің ешқандай шаралары бізде қарастырылмаған. Алайда біз осы карталарды таратып жүрген адамдырды құқықтық кеңістікке шығарудамыз. Олар шынымен де Қазақстанның құқықтық кеңістігінен тыс қалып отыр. Электронды төлемдер арқылы төленген ақша басқа елдерге кетіп – жатыр", – деп түйіндеді сөзін министр.