1,5 млн отбасы баспанамен қамтылады

857

1,5 млн отбасы баспанамен қамтылады

"Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасы аясында алдағы 15 жылда 1,5 млн отбасы баспанамен қамтылады. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған жыл сайынғы дәстүрлі жолдауында айтты.

"Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар.

Менің тапсырмам бойынша биыл "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.

Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі – "Даму" акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату. Тұрғындар үшін "Қазақстан ипотекалық компаниясы" акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасады. Оған ілгеріде бөлінген қаржы "револьвер" қағидаты  бойынша қайта пайдаланылады", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, әкімдіктер халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үйді бөлу ісін дамыта беретін болады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкімдер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс.

"Біз қалаларда жеке тұрғын үйлердің бірыңғай сәулет стилінде салынуына мән беретін боламыз. Бұл үшін мемлекет қажетті инфрақұрылым тұрғысынан көмек көрсетеді. Үкімет әкімдермен бірлесіп, үлкен қалалардың іргелес орналасқан елді мекендермен көлік байланысын дамыту жөнінде шаралар қабылдауы қажет", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу