Қазақстанда карантиндік шараларды күшейту және коронавирустың екінші толқынының алдын алу туралы брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният халықтың дәрі-дәрмекпен қамтылуына тоқталды. Оның сөзінше бұл бағытта кешенді шаралар қабылданып жатыр.
"Біріншіден, бірыңғай дистрибьютор қоймаларына екі айға жетерлік препараттар қоры жиналды. Екіншіден, медициналық ұйымдарда да дәрілік заттардың екі айлық қорымен қамтамасыз етілді. Үшіншіден, коронавирустық инфекцияны емдеу үшін амбулаторлық емге арналған дәрілер тізбегі кеңейтілді. Өздерініңізге белгілі қызу түсіретін, қабынуға қарсы және атникогулянттар барлық поликлиникаларға жеткізілді. Жалпы осы емханалар өтініші бойынша 1,5 млрд теңгеге 1 млнға жуық адамды дәрімен қамту жоспарланып отыр", – деді ол.
Бұған қоса спикердің айтуынша, бөлшек сауда желісіне араласу үшін өнімдер сатып алынып, СК-Фармацияда қор жасалған. Сонымен қатар елде бетперде тапшылығын алдын алу үшін 10 млн маска әзірленіп, медициналық ұйымдар 3 айлық қорғаныс қорымен қамтылған.
Құралай Құдайберген