Жоғары сот төрағасы Жақып Асанов судьялар құрамын кездейсоқ адамдардан тазарту шараларының нәтижесі туралы баяндады.
"Біз бүкіл таңдауды түбегейлі өзгерттік. Әлемдік компаниялардың HR-құралдарын енгіздік. Нәтиже мынандай. Егер бұрын 4 кандидаттың біреуі судья болса, қазір 20 кандидаттың біреуі ғана судья болады. Әлсіздерге тосқауыл қойылды. Иә, 14 пайыз бос жұмыс орны бар. Бірақ кездейсоқ кадрларға қарағанда осы дұрыс", – деген Жақын Асанов судьялардың біліктілігін IT-технологиялардың көмегімен бағалауға көшкендерін жеткізді.
"Қазіргі судьяладың құзыреттілігін анықтау үшін жаңа әдістеме бойынша 5 жылдық бағалауды жүргізіп отырмыз. Дүниежүзілік банк сарапшылары мұны жоғары бағалады. Мұның мәні неде? ІТ жүйесі автоматты түрде тәуекел тобын анықтайды. Содан кейін біз оларды судья лауазымына үміткер ретінде тексереміз. Нәтижесі мынадай. Бұрын 105 судьяның біреуі бағалаудан құлайтын. Қазір 100 судьяның ішінен 10-ы өте алмайды. Өткен 1,5 жылдың ішінде 51 судья кәсіби жарамсыз болып танылды. Бұл – алдындағы өткен 10 жылдың бәрін қосқандағыдай нәтиже. Үш жыл ішінде барлық судьялардың 84 пайызы бағалаудан өтеді", – деді ол.
Есжан Ботақара