1 608 науқас "жасанды бүйрек" аппаратымен өмір сүріп жатыр

1233

Ел азаматтары бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегіп, қайтыс болып жатыр. Аурудың асқынып, өлім-жітімнің көбейгені соншалық, біздің ел дамыған елдердің теріс көрсеткішін 2 есе басып озды, деп хабарлайды inbusiness.kz Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаты Вакиль Набиевтің Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалына сілтеме жасап. 

1 608 науқас "жасанды бүйрек" аппаратымен өмір сүріп жатыр

Вакиль Набиевтің сөзінше, бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегіп жатқан науқастардың өмірден ерте озуына медициналық көмектің, оның ішінде диализдің, дәрі-дәрмектің және ағзаны трансплантациялау операциясының қолжетімсіздігі себеп болып отыр. 

"Науқастарға мемлекет есебінен беріліп келген тегін дәрі-дәрмектің көлемі қысқарып жатыр", – деді депутат. 

Оның айтуынша, шенеуніктер бүйрек жетіспеушілігін емдеуде тиімді саналатын "Кетостерил" препаратын кепілдендірілген тегін медициналық көмек тізіміне енгізгісі келмейді. 

"Диализ орталықтарының тек жартысында, оның өзінде ірі мегаполистерде ғана қандағы фосфор мөлшерін анықтау үшін талдау жүргізіледі. Қан құрамындағы фосфорды азайтуға дәрі жетіспейді", – деді Вакиль Набиев. 

Оның айтуынша, бүгінде 1 608 науқас "Жасанды бүйрек" аппаратымен өмір сүріп отыр. 

"Науқастар донорлық ағзаның жетіспеушілігіне байланысты жылдар бойы трансплантация кезегінде тұрады. Дәрігерлер бір жылда 5-6 операция ғана жасайды. Ағза табылып, кезегі келгенге дейін қайтыс болып кетіп жатқан адамдар аз емес. Диализ арқылы өмір сүріп отырған азаматтардың барлығы бүйрекке мұқтаж. Олар өмір мен өлім арасында жүр", – деді депутат. 

Вакиль Набиев еліміздегі нефрологиялық қызметтің қазіргі күйі аянышты  жағдайда екенін айтты. 

"Науқастардың барлығы медициналық көмекке және қажетті медициналық препаратқа қол жеткізе бермейді. Созылмалы бүйрек ауруын анықтау көрсеткіші көңіл көншітпейді. Нефролог мамандардың тапшылығы өзекті болып тұр. Мемлекет бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын азаматтардың есебінен үнемдеуді тоқтатып, олардың жағдайын жақсарту үшін шұғыл шара қабылдауға тиіс", – деп қорытты сөзін депутат. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу