Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коронавирус індетімен байланысты төтенше жағдай режимі кезінде несиесі шегерілген азаматтар туралы соңғы ақпараттарды жариялады. Агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, несие төлемін тоқтата тұруға 1 844 599 өтінім келіп түскен. Оның ішінде 1 831 489 азаматтың банктегі қарызы бойынша, 13 110 шағын және орта бизнес нысанының кредиттері бойынша өтініш қабылданған.
"28 сәуірдегі жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктерге несие төлеп жүрген 1 661 232 жеке тұлғаның жалпы құны 237,4 млрд теңгелік несие төлемі шегерілді. Бұл елдегі барлық қарыз алушының 31,3%-ы. Оның 299 363-ы әлеуметтік осал топ өкілдері. Сонымен бірге 11 561 ШОБ нысаны138,8 млрд теңгенің несиесін шегеруге мақұлдау алды. Бұл елдегі бүкіл кәсіпкерлердің 44,1%-ы. Қалған өтінімдер қаралып жатыр. 10 жұмыс күні ішінде тиісті шешімдер қабылданады. Бүгінгі күні 5,3 млн қазақстандықтың мойнында 4,4 трлн теңгенің, 26,2 мыңға жуық ШОБ нысанының мойнында 3,9 трлн теңгенің несие берешегі бар", – деп жазады агенттіктің баспасөз қызметі.