Премьер-министр Олжас Бектенов су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шараларды іске асыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Облыс әкімдері 2026 жылғы вегетациялық маусымға дайындық аясында коммуналдық меншіктегі гидротехникалық нысандар мен ирригациялық каналдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Басты міндет – суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу. Өңір әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдар егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикаторлардың мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етсін", – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, Су ресурстары министрлігі бекітілген лимиттерден тыс су беру жағдайларының алдын алсын.
"Бұл – өте өзекті мәселе, мен қайталап айтайын. Ауыл шаруашылығы министрлігі егіс алқаптарын әртараптандыру жөнінде тиісті кесте бекітті. Алдағы уақытта барлық жұмыстар осы кестеге сәйкес жүргізілуге тиіс. Мысалы, бір шаруашылықта 100 гектар болу керек десек, ертең 1 гектар артық егілсе, біз оған бір тамшы су да бермейміз. Егер ертең осы АШМ бекіткен көрсеткішті бұзып, диқандардың шығындары болса, бір тиыны да бюджеттен өтелмейді. Бұны халыққа ашық, үзілді-кесілді айту керек. 2026 жылдың шілдесінде Шардара топтық су құбырының құрылысы аяқталады. Бұл қала тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Аталған мәселені мен өзімнің жеке бақылауымда ұстап отырмын", – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.