Елшіліктің Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, шетелдіктерге ЖСН беру бойынша пилоттық жоба тоқтады.
Сонымен бірге, уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстанға келмей-ақ онлайн форматта бірқатар мемлекеттік қызметтер мен сервистерді алуға мүмкіндік беретін eResidency бағдарламасын іске қосқанын атап өтті. Бағдарлама аясында ЖСН қамтылған цифрлық ID-карта алу да қарастырылған.
Елшіліктің түсіндіруінше, бұл бастама шетелдіктерге Қазақстанда ресми цифрлық мәртебе рәсімдеп, елдің бизнес мүмкіндіктері мен онлайн сервистерін пайдалануға жол ашады.
eResidency бағдарламасы арқылы мына қызмет түрлеріне қол жеткізуге болады:
- ЖСН көрсетілген цифрлық ID-картаны алу;
- Қор нарықтарына, криптобиржаларға және қазақстандық нөмірі бар eSIM-ге қол жеткізу;
- Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) мен сақтандыру қызметтерін рәсімдеу;
- Қазақстандық карталарды пайдаланып, онлайн банк шоттарын ашу;
- Төлем қызметтеріне қатысты салықтық резиденттік пен эквайринг мүмкіндіктерін алу.