1 қыркүйектен бастап мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жұмысына кіріседі

174

Биыл жұмыс берушілерді тексеру 7% - ға өсті.

1 қыркүйектен бастап мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жұмысына кіріседі Фото: freepik

2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жұмыс істей бастайды. Бұл туралы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жөніндегі республикалық кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов мәлімдеді. Ол сондай-ақ еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сөз басында Ақмәди Сарбасов еңбек қатынастары мәселелері ерекше бақылауда екенін атап өтті. Мониторинг Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы арқылы жүзеге асырылады.

Вице-министр сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтарының сақталуына мемлекеттік бақылауды күшейту туралы айтты – биыл жұмыс берушілерді тексеру 7% - ға өсті.

Сонымен қатар, ол лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, оның ішінде бұзушылықтарды анықтау және жою, жалақы бойынша берешекті және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге бағытталған шаралар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады.

Вице-министр еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды.

"Қазақстанда цифрлық шешімдер мен негізгі бизнес-процестерді автоматтандыруды қоса алғанда, қауіпсіз және салауатты жұмыс ортасын қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар іске асырылуда. 2025 жылдан бастап кәсіби тәуекелдерді интегралды бағалау рәсіміне толық ауқымды көшу және цифрлық құралдар мен аспаптарды қолдануға баса назар аудара отырып, арнайы ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту жоспарлануда.

Жеке қорғаныс құралдарын таңдаудың және әлеуметтік кепілдіктер берудің тәуекелге бағдарланған және проактивті тетіктері енгізілетін болады. Үш тараптың – мемлекеттің, жұмыс берушінің және жұмыскердің еңбек жағдайларын жақсартуға тартылуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені қабылданатын болады, бұл жұмыс күшінің сапасын арттыруға және еңбек ресурстарын үнемдеуге оң әсер етеді", – деді Ақмәди Сарбасов.

Ол сондай-ақ штат кестесін ауыстыру мен еңбек және ұжымдық шарттарды электрондық форматқа жасасу, "Кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орны" ақпараттық модулін енгізу арқылы еңбек қатынастарын декларациялау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

Қорытындылай келе, Ақмәди Сарбасов 2024 жылғы 6 тамызда ҚР Үкіметінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетін (бұдан әрі – Комитет) және оның аумақтық департаменттерін құру туралы қаулысы қабылданғанын баяндады.

"Комитет пен оның аумақтық департаменттерін құру, штаттарды жасақтау жұмыстары тамыз айында аяқталады. 1 қыркүйектен бастап мемлекеттік еңбек инспекторлары штаттық режимде жұмыс істейді. Тамыз айының соңына дейін Комитет пен жергілікті атқарушы органдар барлық қажетті заңдық және техникалық рәсімдерді аяқтайтын болады.

Бұл еңбек заңнамасының сақталуына және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауға мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді", – деп түйіндеді өз сөзін вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу