Қазақстан халықтарының бірлігі күні – Қазақстанда жыл сайын тойланатын мереке, деп жазады inbusiness.kz сайты.
1995 жылдың 18 қазанында Қазақстан президенті жарлығы бойынша 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні деп жарияланды.
"Бірлік болмай тірлік болмас" деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Сондықтан да Қазақстан халқы 1 мамыр ынтымақ пен бірлік күнін тойлайды. "Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік" қағидасын ұстанған ел үшін бұл мерекенің орны ерекше.
Жыл сайын атаулы мерекеге Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын тойлайды.
Дау-дамай мен бөлінушілік көп әлемде 1 мамыр бір тыныштықты, жұмсақтықты, мейірімділікті насихаттайтын жылы мереке болып қала бермек. Ол күн күллі әлемге "Қара, осылай да өмір сүруге болады" деп тұрғандай.
Әлдебіреулер үшін бұл күн – түп тамырын, шыққан тегін бір еске алуға себеп болса, ендібіреулер үшін өзге ұлттың мәдениетімен танысуға тамаша мүмкіндік. Балалар үшін Бірлік күні балаң шақтан алуандықтың әсемдігін көріп өсу, ал ересектер үшін сыйластық, қонақжайлық, көршімен тату болу сынды қарапайым адами қарым-қатынастың жылуын сезіну мүмкіндігін сыйлайтын күн.
Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі, еліміздегі ұлтаралық татулық, ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін.