1 мамыр күні астаналықтар үшін қандай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады

2585

Нұр-Сұлтан қаласында 20-дан аса шара өткізіледі деп жоспарланып отыр.

1 мамыр күні астаналықтар үшін қандай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Нұр-Сұлтанда қызықты мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

"Қазақ елі" монументінің алдындағы алаңда елорда тұрғындары мен қонақтары "Ынтымағы елімнің, Елбасының еңбегі!" музыкалық-хореографиялық қойылымын тамашалайды. Ашық алаңда "Терра", "Наз", "Туған жер" хореографиялық ұжымдары, "Алашұлы" тобы, "Z" триосы, сондай-ақ, қазақстандық опера мен эстрада жұлдыздары Сүндет Байғожин, Медет Чотабаев, Зарина Алтынбаева, Маржан Арапбаева және ағайынды Жүгінісовтер өз өнерлерін ортаға салады. Мерекелік театрландырылған қойылым Нұр-Сұлтан қаласының этно-мәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының концертімен жалғасады.

Сонымен қатар, жиналғандар алаңда ұйымдастырылатын белбеу күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату және қол күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен күш сынасады.

Бұдан басқа, әрбір этно-мәдени бірлестік өзінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, оларды жайылған ақ дастарқанға қойып, көпшілік назарына ұсынады. Осы мақсатта алаңда галерея түрінде шатыр конструкциясы орнатылады. Мерекелік дастарқанның ұзындығы 50 метрді құрайды.

Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шара "Қазақ елі" алаңында сағат 10:00 мен 16:00 аралығында өтеді. Осы күні сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін әкімдік алдындағы Қалалық алаңда (Бейбітшілік к-сі мен Абай даңғ. бұрышы) танымал эстрада әншілерінің концерті өтеді. Сахна төрінде Қанат Үмбетов, Газизхан, Ернар Айдар және т.б. жұлдыздар өнер көрсетеді. Мерекелік концерт жүргізушілері – белгілі шоумендер Азамат пен Антон және Дәурен Әмреев. Сондай-ақ, мереке қонақтары асық ату, арқан тартыс, гір көтеру және қол күресінен жарыстарда бәсекеге түседі.

Сонымен қатар, 1 мамырда сағат 17:00-де EXPO Конгресс орталығында композитор Арман Дүйсеновтың "Арман достығы" атты шығармашылық кеші өтеді. Концертке Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева сынды танымал орындаушылар, "МузАРТ" тобы, Толқын Забирова, Жамиля Серкебаева, "Нұр-Мұқасан", Тоқтар мен Бейбіт, Индира Елемес, Маржан Арапбаева, Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқали, Әйгерім Қалаубаева және шақырылған шетелдік артистер қатысады. Билеттер www.topticket.kz сайтында онлайн және қалалық кассаларда ("Keruen city" СОСО, "Керуен" СОСО, "Астана" концерт залы, "Жастар" сарайы) сатылады. Билеттер құны: 2000-8000 теңге.

Бұдан басқа, елордалық театрларда, музейлерде және басқа да мәдени мекемелерде Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған тақырыптық көрмелер, спектакльдер, концерттер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында 20-дан аса шара өткізіледі деп жоспарланып отыр. Шаралар кестесімен мәдениет және спорт басқармасының сайтынан https://madeniet-sport-astana.kz танысуға болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу