1 маусымда жылу мен жарық қымбаттайды

487

Министрлік мәліметінше, бұл – уақыттың талабы.

1 маусымда жылу мен жарық қымбаттайды

Энергетика министрлігі 1 маусымнан бастап қымбаттайтын жылу мен жарыққа қатысты шешімді осылай деп түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Айтуларынша, электр энергиясы 24 пайызға бірден көтерілмекші. Бірақ, баға әр өңірде әртүрлі болатынын ескертті. Сондай-ақ, қыс бойы елді сергелдеңге салған жылудан кейін барлық станцияларда аудит жүргізілді. 

Риддер мен Екібастұздан бөлек, өзге өңірлердегі жағдай мәз емес. Электр станцияларының 90 пайызы тозып тұр. Сондықтан бір тексеріп, не қажет екенін реттеп алған жөн. Осы ретте Энергетика министрлігі еліміздің 55 электр станциясында аудит жүргізіп шықты. Онда техникалық жай күйі, пайдалану мерзімі, шығыны, қанша қызметкері бар және қандай жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет бәрі бөлек бөлек қаралды. Бұл іске халықаралық сарапшылар және Дүниежүзілік даму банкі де кіріскен. Аудиттің нәтижесі бойынша маусыма айының соңына қарай жоспар әзірленбек.

"Кейбір өңірдегі жылу электр орталықтарының жай-күйі сын көтермейді. Ерекше, оның ішінде Үкіметтік деңгейде назар аударуды талап ететін Жылу электр орталықтарының тобы анықталды. Техникалық жай-күйін, төтенше жағдайларға тәуекелін, стансалардың пайдаланылуын ескере отырып, оларды жөндеу үшін қаржыландыруға Үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесі де қарастырылып жатыр", - деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев.

Осы ретте министрлік "тарифті инвестицияларға айырбастау" бағдарламасын іске қоспақшы. Сол арқылы қолдауды күшейтеді. Бүгінде берілген өтінімдерге сәйкес, 47 ұйымның 27-сінде электр энергиясына шекті тарифтерді түзетті. Демек, бірқатар өңірде жылу мен жарық қымбаттайды.

"Мекемелердің былтыр және биыл берген өтінімдері бойынша көптеген сұрақ бар. Мысалы, жалақы мәселесі, көмір мен газдың қымбаттауы. Бұл - уақыттың талабы. Тарифтерді бекітіп, жоғарылатылған тарифпен бекітіп отырмыз. 1 маусымнан бастап орта есеппен 24%-ға өседі", - деді ҚР Энергетика министрінің орынбасары Жандос Нұрмағанбетов.

Осындай шаралардан кейін станциялардың тозу деңгейі 15 пайызға төмендейді. Демек, ешқандай ақау болмауы тиіс. Қысқасы, қам-қарекеттің нәтижесін қыста көреміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу