1 маусымнан бастап елорда тұрғындарының жұмыс уақыты өзгереді. Мұны бүгін "ЭКСПО" көрмесін өткізу кезінде Астана қаласында жол қозғалысын ұйымдастыру мәселесіне арналған баспасөз мәслиxатында Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов айтты, деп хабарлайды baq.kz.
"Құқық қорғау органдарының, медициналық ұйымдар, білім беру ұйымдары, мектептер мен балабақшалардың жұмыс уақытын сол қалпы қалдыру ұсынылып отыр. Ойын-сауық ұйымдарының жұмыс уақытын сағат 10:00-ден 10:30-ға, ұлттық компаниялардың уақытын 09:30-ға ауыстыру ұсынылды. Бұған қоса, республикалық басқару органдары, жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдік, мемлекеттік мекемелер сағат 09:00-ден 08:30-ға ауыстырылады", – дейді Бекмырза Игенбердинов.
Сондай-ақ мемлекеттік органдардың жұмыс уақытын сағат 09:00-ден 08:30-ға, ХҚҚО мен қаржы ұйымдарының жұмыс кестесін 09:00-ден 10:00-ге ауыстыру жоспарланып отыр. Құрылыс ұйымдары үшін жұмыс сағат 07:00-ден басталса, коммуналды шаруашылық қызметкерлері таңғы 07:30-да жұмысына кіріспек.
Басқарма басшысы бұл өзгерістің барлығы 1 маусымнан бастап жүзеге асырыла бастайтынын айтты.
"Жұмыс уақытын саралау әлемнің көптеген мегаполисінде қолданылатын стандартты және тиімді тәжірибе. Қолға алынып жатқан шаралар таңертеңгі және кешкі уақыттарда ұзын-сонар кептелісті болдырмауға, жолдағы жүктемені азайтуға септігін тигізеді", – дейді Бекмырза Игенбердинов.
Игенбердиновтің айтуынша, жұмыс уақытының өзгерісі "ЭКСПО" көрмесінен кейін де сақталады.