Жасанды инттелектінің қолданысқа енуінен 1 миллион қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін. Мұндай мәліметті Мәжілісте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, ведомство елімізде автоматтандыру мен жасанды жадының еңбек нарығына әсерін бағалау үшін 423 кәсіп тобына зерттеу жүргізген.
Нәтижесінде жұмыс орындарының шамамен 25 пайызы автоматтандырылуы мүмкін екені анықталған. Оның ішінде 1 миллион жұмыс орнын нейрожелі алмастыруы ықтимал.
Вице-министр әсіресе Алматы, Астана және Шымкент сияқты ірі қалаларда автоматтандыру қаупі жоғары деп отыр. Жасанды интеллект қаржы, ақпараттық технологиялар, ғылым және денсаулық сақтау салаларындағы кей мамандарды алмастырады деген болжам бар.
"Бұл нарықтан жұмысшыларды жаппай ығыстырады деген сөз емес. Қазақстанда еңбек құны салыстырмалы түрде төмен болғандықтан, автоматтандыру біртіндеп, компаниялар экономикалық тиімділігін көргеннен кейін ғана жүзеге асады. Жалпы алғанда министрліктің алдында жасанды жадыны салаға енгізу бойынша нақты тапсырмалар тұр. Жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин.