Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Креативті индустрияларды дамыту қоры мен "Кітап оқитын ұлт – Читающая нация" қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жоба Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зияткер ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында қолға алынған.
Ынтымақтастықтың негізгі жобаларының бірі – республикалық "Кітап оқитын ұлт" марафоны. Биыл оған 1 миллионнан астам адамның қатысуы жоспарланып отыр.
Марафон аясында:
- қатысушылар қазақ және орыс тілдеріндегі 300-ден астам шығарманың ішінен таңдау жасай алады;
- әр қатысушы 15 кітапқа дейін оқуға мүмкіндік алады;
- жоба нәтижесінде жалпы оқылым санын 15 миллионға жеткізу көзделген.
Бұдан бөлек, меморандум аясында форумдар, фестивальдер, кітап көрмелері, шығармашылық кездесулер, дәрістер, семинарлар және басқа да мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастамалар кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуге, қазақстандық авторлар мен баспаларды қолдауға, сондай-ақ әдебиет пен креативті индустрия арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.