1 миллион жас маусымдық жұмыспен қамтылды – Нұрасыл Бекматов

"Jasyl el" жобасы 2005 жылы Қазақстан Республикасы көлемінде қызметін бастаған.  

1 миллион жас маусымдық жұмыспен қамтылды – Нұрасыл Бекматов Фото: gov.kz

Бүгінгі күні өңірлерде 20 аймақтық штаб жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

2025 жылдың қазан айында "Jasyl el" жастар еңбек жасақтарының Республикалық және өңірлік штабтарының өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, ұйымның қызметі туралы баяндаған еді. "Жасылелдіктермен" әңгімелескен Президент ұйымның жұмысын қолдайтынын жеткізді.

Бұл – өте қажетті жұмыс. Еліміз бен халқымыз үшін керек іс. Сондықтан Сіздерге табыс тілеймін. Істеріңіз сәтті болсын. Ең алдымен ниетіміз таза болуы керек. Отанымыз үшін қызмет етуге тиіспіз. "Jasyl el" ұйымының жұмысын қолдаймын. Жұмыстарыңыз өзге жастарға өнеге, олар сіздерден үлгі алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

"Jasyl el" жастар еңбек жасақтары "Таза Қазақстан" бастамасының іске асырылуына да ерекше үлес қосып келеді. Ұйым 2,5 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырса, оған 70 мыңнан көп жастар еңбек жасағының мүшесі қатысқан. Сонымен қатар, 50 мыңға жуық ағаш отырғызып, 46 мың тоннадан аса қоқыс шығарды.

Аталған жоба аясында 20 жыл көлемінде 1 миллион жас маусымдық жұмыспен қамтылған. Тағы бір мысал, 2025 жылы XXI Жазғы еңбек маусымы аясында 35,9 мың жас жұмыс істепті. Қатысушылардың шамамен 40%-ы – ауыл жастары.

Бұл туралы "Jasyl el" жастар еңбек жасақтары республикалық штабының басшысы Нұрасыл Бекматов бізбен әңгімесінде айтып берді. Ол жастар саясатын қалыптастырудағы штабтың жүйелі жұмыстарына тоқталып өтті.

"Jasyl el" жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы жастар саясатын қалыптастыру мен жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Ұйым жастарды еңбекке баулу, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыру және қоғамның дамуына белсенді қатысуына жағдай жасау арқылы мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттарын іске асыруға ықпал етеді.

Республикалық штаб жастарды маусымдық жұмыспен қамту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, патриоттық тәрбие беру және әлеуметтік белсенділікті арттыру бағытында түрлі жоба мен бастаманы ұйымдастырады. Осы арқылы жастардың еңбек дағдыларын дамытуға, қоғамдық жұмыстарға қатысуына және өз өңірінің дамуына үлес қосуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, ұйым жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, еріктілік қозғалысын қолдауға және жастардың қоғамдық бастамаларын жүзеге асыруға жағдай жасайды. Бұл жастардың қоғамдағы белсенді позициясын қалыптастырып, оларды ел дамуына үлес қосатын жауапты азамат ретінде тәрбиелеуге ықпал етеді, – деді штаб басшысы.

"Jasyl el" жобасы – жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, еңбекке баулуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Жоба аясында жастар бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, өз өңірінің дамуына үлес қосу мүмкіндігіне ие болуда.

Осы орайда, біз кейіпкерімізге "Мемлекет белсенді жастарға қандай мүмкіндік беріп отыр?" деген сауалды қойып көрдік. Нұрасыл Бекматов өз кезегінде жастарға берілген біршама мүмкіндікті жіпке тізгендей етіп баяндады.

Мемлекет белсенді жастарға өз әлеуетін жүзеге асыруға және қоғам өміріне белсенді араласуға түрлі мүмкіндіктер ұсынып отыр. Ең алдымен, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Сол арқылы жастар білім алуға, кәсіби тәжірибе жинауға, кәсіпкерлікпен айналысуға және қоғамдық бастамаларды іске асыруға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар, мемлекет жастардың еңбекпен қамтылуына ерекше көңіл бөлуде. "Jasyl el" сияқты жобалар арқылы жастар маусымдық жұмысқа тартылып, алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтайды. Бұл олардың еңбек дағдыларын қалыптастырып, болашақта кәсіби дамуына жол ашады, – деді ол.

Мұнан өзге белсенді жастарға гранттық бағдарламалар, жастар форумдары, волонтерлік қозғалыстар және түрлі әлеуметтік жобаға қатысу мүмкіндігі беріліп отыр. Мұндай бастамалар жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, жаңа идеяларын жүзеге асыруға және қоғамның дамуына елеулі үлес қосуына жағдай жасайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу