1 миллионнан аса қазақстандық үшін жағымды жаңалық жарияланды

Үкімет әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін МӘМС төлеуді қолға алмақ.  

1 миллионнан аса қазақстандық үшін жағымды жаңалық жарияланды Фото: aqorda.kz

Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде жүзеге асқалы отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Яғни, "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Заңда денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған бірқатар шараны жүзеге асыру көзделген еді. 

– Мемлекет басшысының Жолдауын және өзге де тапсырмаларын орындау шеңберінде Үкімет медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамыту және нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде, – деп жазылған Үкіметтің ресми парақшасында. 

Ол жұмыстардың қатарында әлеуметтік осал топтарды МӘМС-пен қамтуды кеңейту бар. Бұл дегеніміз – халықты барынша жүйеге тарту мақсатында әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін жарналарды жергілікті атқарушы органдардың төлеу тетігі енгізілуге жақын деген сөз. Аталған норманы іске асыру 2026 жылға қарай қосымша 1 миллионнан аса адамды МӘМС жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл бұрын-соңды болмаған жаңалық саналады. 

МӘМС-тегі екінші өзгеріс – әділ жарна жүйесін енгізу. Демек, әлеуметтік әділеттілік қағидатын сақтау үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударым жасалатын кірістің жоғарғы шегі алынып тасталады. Бұл тәсіл азаматтардың жүйеге үлесін олардың табысына сай етіп, сала бюджетіне жыл сайын қосымша 200 миллиард теңгеге дейін қаржы әкеледі деп болжанған. 

Мемлекеттік қаржыландыруды арттыру да көзделіп отыр. Жеңілдікті санаттағы 11 миллион азамат үшін мемлекет жарнасының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланған. Бұл шара 2030 жылға қарай қаржыландыру көлемін 289 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. 

Бірыңғай медициналық қызметтер пакетін қалыптастыру жүйесі де өз жемісін беретін секілді. 2027 жылдан бастап мемлекет кепілдік беретін тегін медициналық көмек көлемі (ТМККК) мен МӘМС пакеті арасындағы нақты айырмашылықты белгілейтін бірыңғай пакет енгізіледі. Осылайша, әрбір азамат мемлекет кепілдік беретін қызметтерді және сақтандыру есебінен көрсетілетін қызметтерді нақты біле алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу