1 млн 220 мың адам жұмысқа орналастырылады

797

"Еңбек" бағдарламасы бойынша 176 млрд теңге бөлінді. 

1 млн 220 мың адам жұмысқа орналастырылады

Экономикалық және іскерлік белсенділікті қалпына келтіру үшін халықты жұмыспен қамтуға басымдық берілуге тиіс. Премьер-министр Асқар Мамин осылай деді.  

"Біз күрделі жағдайдан өттік. 2 ай бойы төтенше жағдай мен карантиндік режим қолданыста болды. Кәсіпорындар мен бизнес жұмыс істемеді. Қазіргі таңда экономиканы қалпына келтіру процесі жүріп жатыр. Осы жұмыс аясында экономиканы жандандыруға, жұмыс орындарын сақтап қалуға және құруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар топтамалары мен кешенді жоспар қабылданды. Адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Бүгінгі таңда жұмыспен қамту мәселесі барлығымыз үшін бірінші орында тұруға тиіс", – деді үкімет басшысы. 

Асқар Маминнің мәлімдеуінше, биыл 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту көзделген. 

"Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша азаматтарды жұмыспен қамтуға 176 млрд теңге бөлінді. Жыл басынан бері 260 мыңнан астам адам өтініш білдірді. Олардың 184 мыңы жұмысқа орналастырылды. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жақсы. Ал Шымкент қаласы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары артта қалып отыр", – деді премьер-министр.

Асқар Маминнің сөзінше, Шымкент қаласының әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарға жіберу және грант беру бойынша көрсеткіштері нашар. Ақтөбе облысы бойынша грант беру деңгейі өте төмен. Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары шағын несие беру бойынша нашар жұмыс жүргізуде. Мұнан бөлек Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру және жастар практикасы бойынша жұмыс ұйымдастыру ең төменгі деңгейде. 

"Бұл – әкімдіктердің осы бағыттағы жеткіліксіз жұмысының нәтижесі. Осы ретте шұғыл шаралар қабылдау қажет. Жұмыспен қамтуды қолдау үшін барлық құралдар бар. Соларды белсендірек қолдану керек. Бұл мәселе бойынша біз тұрақты және жүйелі түрде бақылау жүргіземіз", – деді Асқар Мамин.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу