1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грантты қалай алуға болады?

Гранттық бағдарламалар туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі айтып береді. 

1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз грантты қалай алуға болады? Фото: Elorda.info

Жалпы, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы грант берумен немесе басқа да қаржылай қолдаумен айналыспайды.

Бұл ұйым тек қаржылай емес қолдау түрлерін көрсетеді. Яғни, бизнеске қатысты түрлі кеңестер береді, оқытады. Палата биылдан бастап Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, "Мен кәсіпкермін" жобасын жүзеге асырғалы отыр.

"Бұл жоба екі бағыттан тұрады: кәсіпкерлерді салалық оқыту және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарын құру", – дейді"Атамекен" ҰКП Кәсіпке бағыт салалық оқыту жобасының жетекшісі Нұғман Жұлдызбаев.

Бірінші – кәсіпке бағыт. Кәсіпкерлерді әртүрлі салалар бойынша, мысалы, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу бойынша салалық оқыту.

Екінші бағыт – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары. Тек кеңес беріп қана қоймай, тәлімгерлік, менторлық қолдау көрсету.

Кәсіп ашқысы келетін адамға қаражат керегі түсінікті. Оны біреулер грант көзінен тауып жатады, енді бірі жеңілдетілген кредиттер мен субсидияны таңдайды. Қысқасы, елде қаржылық қолдаудың түр-түрі бар дейді "Атамекен" өкілі.

"Кәсіпкерлікті қолдау" ұлттық жобасы аясында екі түрлі грант бар. Біріншісі – Еңбек министрлігі тарапынан берілетін 400 АЕК. Ол қазір 1 млн 380 мың теңге. Гранттың бұл түрі "Жұмыспен қамту орталықтары" арқылы беріледі және мұнда онлайн тіркелуге де болады. Жалпы, business.enbek.kz порталында тіркелу керек. Мұнда не жұмыссыз болуыңыз керек, не 3 жылға дейін кәсіпкер болуыңыз керек және әлеуметтік санаттарға жатуыңыз керек", – деп түсіндірді Нұғман Жұлдызбаев.

Әлеуметтік осал топтарға – қандастар, мүгедек жандар немесе мүгедектігі бар бала асыраушылар, аз қамтылған отбасыдан шыққан, я болмаса, көп балалы отбасының мүшелері жатады. Осы санаттағы азаматтар Skills.enbek (stest.enbek.kz) порталында "Бастау бизнес" оқуын оқып, сертификатын алуы керек.

"Екінші гранттың түрі – ол 5 млн теңгеге дейін. Бұл, негізінен, жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік бөлімдері арқылы беріледі. Бұнда негізгі шарттардың бірі – кәсіпкер ретінде тіркеліп, грант мөлшерінің 20 пайызын өз қаражаты есебінен қосуы керек. Осы екі гранттың түрі бойынша бизнес-жоспар жазылуы керек", – деді "Атамекен" ҰКП Кәсіпке бағыт салалық оқыту жобасының жетекшісі.

Аталған гранттардан да басқа түрлері бар. Мысалы, "Тәуелсіздік ұрпақтары" немесе жастарға арналған "Zhas Project". Бұл – әлеуметтік жобалар мен бизнес-идеяларды қаржыландыру арқылы, әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын жастарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Грантқа ілікпеген жағдайда, жастарға арналған 2,5 пайыздық несиені де қарастыруға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу