Жамбыл облысының Шу ауданында есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен 47 жастағы тұрғын ұсталды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Жамбыл облысының полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері "Қарасора – 2023" жедел алдын алу іс шарасы аясында ҚР ІІМ-нің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментімен және "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлінісімен бірлесіп жүргізді.
Тінту жұмыстарын жүргізу кезінде жалпы салмағы 3 келі 800 грамм болатын есірткі заты табылды. Сараптама қорытындысы бойынша, бұл – гашиш есірткі заты. Күдікті бұрын есірткіні белгілі бір орынға жинап көміп қойып, пакетті үйіне алып бара жатқан кезде ұсталған. Ол қара базарда бұл есірткіні 1 млн теңгеге сатуды жоспарлапты.
"Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бұл бап 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді", – деп хабарлады облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Әлім Бажықбаев.