1 мың әскери қызметші ТҚЖБ арқылы жеңілдетілген заем алды

1027

Берілген несиелердің жалпы сомасы – 16 млрд теңге. 

1 мың әскери қызметші ТҚЖБ арқылы жеңілдетілген заем алды

Алғашқы 1 000 әскери қызметші ТҚЖБ арқылы жеңілдетілген заем алды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.

Үй сатып алуға арналған займдар әскери қызметшілерге 6-8% аралығындағы жылдық мөлшерлемемен арнайы "әскери өнім" бағдарламасы аясында берілді. Бұл бағдарламаны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 2018 жылы әскери қызметшілерді қолдау мақсатында іске қосқан болатын. Алғашқы заем 2018 жылдың 5 қыркүйегінде ресімделді.

Банктің Отан қорғаушыларға ұсынып отырған жеңілдетілген займы үш түрге бөлінеді, ал олардың шарттары үміткердің жинаған қаражатының көлемі мен таңдалып алынған пәтерге байланысты анықталады.

Әскери қызметшілер арасында қайталама нарықтан үй сатып алуға арналған заем түрі ең танымал болып тұр. Мұндай несиені алу үшін 20% көлемінде бастапқы жарна жеткілікті, ал клиент жылдық мөлшерлемесі 8% болатын несиеден үміткер бола алады. Бұл бағытта банк барлығы 427 заем ресімдеген.

Сұраныс тұрғысынан екінші орында бар болғаны 5% көлеміндегі бастапқы жарнамен берілетін несие тұр. Мұндай заем тек жаңа үй алу үшін ресімделеді, ал жылдық мөлшерлемесі 7% көлемінде. Бұл мүмкіндікті 338 адам пайдаланған.

Үй бағасының 20%-на тең бастапқы жарнаны талап ететін және 6% жылдық мөлшерлемемен берілетін үшінші бағытта 32 заем берілген.

Бұған қоса арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін қайта қаржыландыру үшін 218 заем ресімделген.

Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жалпы сомасы 10,5 млрд теңге көлеміндегі тағы 700 өтініш қарастырылып жатыр. Жыл соңына дейін 6 000 әскери қызметшіні несиелендіру жоспарланып отыр. Бұл мақсатта банк өз қаражаты есебінен 74 млрд теңге бөлді.

Жалпы алғанда жаңа тұрғын үй бағдарламасының алғашқы кезеңіне қатысуға 13 мың әскери қызметші ниет білдірген. Пулға ең көп ұпай жинаған қатысушылар кірді. Ұпай санына бірінші кезекте үміткердің әскери қызметте өткізген жылдарының саны ықпал етті.

Қазақстанда шамамен 70 000-дай әскери қызметші тұрғын үй төлемдерін алады. Бұл – тұрғын үйге мұқтаж әскерилердің саны. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі осы азаматтардың баспана мәселесін алдағы 5-6 жылдың ішінде шешуге ниетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу