Салықтық рақымшылық аясында 1072 ақмолалық кәсіпкердің 29 млн 258,5 мың теңге көлеміндегі өсімақысы мен 4 млн 701,2 мың теңге көлеміндегі айыппұлы кешірілді. Есесіне олар 165 млн 760 мың теңге көлеміндегі негізгі қарызды өтеген. Бұл – осы жылдың 1 маусымына дейінгі дерек.
Ақмола облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Шынар Мусинаның айтуынша, өңірде салықтық рақымшылық акциясына қатысушылардың қатары қалың. Қазірдің өзінде облыстағы салық төлеушілердің 89 пайызы акцияға қатысып үлгерген.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық рақымшылық жасау туралы заң күшіне енген болатын. Бұл республикада қолға алынған жасалған еді. Соңғы екі акция аясында 143 млрд теңге теңге көлеміндегі қарыз есептен шығарылды.
Фархат Әміренов