1 мыңнан астам түркістандық көпбалалы отбасыға пәтер беріледі

900

Түркістан облысы бойынша 66 мыңға жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

1 мыңнан астам түркістандық көпбалалы отбасыға пәтер беріледі

Түркістан облысында көпбалалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мөлшері орташа есеппен 40 пайызға артып отыр. Бұл туралы Түркістан облысының бір жылдығына орай баспасөз мәслихатын ұйымдастырған аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.

Әкімнің сөзінше, атаулы әлеуметтік көмек алуға биыл 103 464 отбасы өтініш білдірген. Оның 65 946-сына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.

"Түркістан облысы бойынша жыл соңына дейін 1 032 көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етілетін болады. Жалпы 2019 жылдың 5 айында Түркістан облысы бойынша барлығы 1 724 пәтер тапсырылды. Жыл қорытындысы бойынша 50 тұрғын үй, яғни 2 613 пәтер пайдалануға беріледі", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Сонымен қатар биыл облыстың шалғай елді мекендеріне 19 модульдік медициналық пункт орнату жоспарланып отыр. Былтыр дәл осындай 62 пункт орнатылған болатын. Облыста 2 қалалық, 4 аудандық емхананың және Түркістан қаласында №3 облыстық перинаталдық орталығына жапсарлас 150 орындық перзентхананың құрылысы жүріп жатыр. 900 орындық мектептің де құрылысы қарқын алды.

"Жыл басынан бері мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында 3 315 жаңа жұмыс орыны ашылған.

"Түркістан қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту үшін жыл соңына қарай халықтың 56 пайызын газбен қамтамасыз ету жоспарда бар. Сонымен қатар Түркістан қаласын 83 пайызға ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар басталды. Бүгінде құрылысы қарқынды жүріп жатқан Түркістанда 29 нысан бой көтереді. Оның ішінде жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта 17 нысанның құрылысы басталды. Биыл 7 нысан пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, облыс әкімдігі, Астана алаңы, Медиа орталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы", – деді Өмірзақ Шөкеев.

Еске сала кетейік, 2018 жылдың 19 маусымында Түркістан облысын құру туралы Жарлық шығып, Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітілген болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу