1 наурыздан бастап Оңтүстік Кореямен әуе қатынасы шектеледі

1112

"Таңғы жұпар" елінде 34 мың қазақстандық бар.

1 наурыздан бастап Оңтүстік Кореямен әуе қатынасы шектеледі

Коронавирус қаупі бар елдердің бірінші санатындағы мемлекеттерде 34 мыңнан астам Қазақстан азаматы бар. Оларға 1 наурызға дейін елге шектеусіз оралу мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин айтты.

"Оңтүстік Кореяда 34 мың, Жапонияда 180, Иранда 170-ке жуық азаматымыз бар. Сыртқы Істер министрлігінің мәліметі осындай", – деген бас санитар аталмыш елдерден келген отандастарымыз үй жағдайында карантиндік оқшаулауға алынатынын, ондай азаматтарға 14 күн ішінде қоғамдық орындарға бармау керектігін атады.

"Бірқатар елге әуе сапарының санын қысқарту туралы шешім шығардық. Соның ішінде Оңтүстік Корея да бар. Сондықтан 1 наурызға дейін ондағы азаматтарымызға оралуға мүмкіндік береміз. Апта сайын аталмыш елге 9 рейс ұшады. Оның жетеуі Алматыдан, екеуі  Нұр-Сұлтан қаласынан шығады. Олардың қазіргі міндеті – сондағы отандастарымызды елге әкелу. Иран бойынша жағдай әлдеқайда жеңіл. Өйткені онда 180-нен астам азаматымыз бар. Оларға да 1 наурызға дейін қайту керек. Иран Республикасымен де 1 наурыздан бастап әуе қатынасы қысқарады. Ал Италияға қатынайтын тікелей рейс жоқ. 

"Шектеу дегенде, әуе қатынасына толық тыйым салынбайды, рейстер саны қысқартылады. Мысалы Кореяға апта сайын 9 рейс ұшса, 1 наурыздан кейін аптасына 3 рейс қана ұшады. Жапонияға  ұшатын 2 рейс бар. Қазір оны да қарастырып жатырмыз. Онсыз да бұл рейстермен толы жолаушы ұшпайды. Сондықтан, Сыртқы істер министрлігімен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен рейстер санын шектеуді талқылап жатырмыз", – деді Жандарбек Бекшин. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу