"Көлік инфрақұрылымы нысандарындағы тексеру" бағдарламасына сәйкес 150-ден астам әскерилендірілген теміржол күзет қызметкері оқу-тәжірибеден өткізіліп жатыр.
Тексеру инспекторлары тиісті нұсқамалықтардан өтіп, қажетті талаптардан тыс оқыс оқиға кезінде жолаушылармен сыпайы қарым-қатынас жасау туралы тәжірибе алмасады, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" АҚ баспасөз қызметі.
2017 жылдың 1 сәуірінен бастап ӘТКҚ Астана теміржол вокзалына жолаушы мен оның қол жүгін тексеріп кіргізуді бастайды. Оған жалпы саны 149 қызметкер тартылады.
"Көлік инфрақұрылымы нысандарындағы тексеру" бағдарламасына сәйкес оқу тәжірибе жұмысынан 300-ден астам қызметкер өткізіледі. Олар Астанадағы жаңа вокзал кешеніне қызметке тартылады.
Айта кетейік, Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарындағы тексеру құрылғылары бір айдан бері жұмыс істеп тұр. Осы уақыт аралығында ӘТКҚ қызметкерлерінің кінәсінен оқыс оқиға тіркелген жоқ. Жолаушыларға қажетті тексеріп өткізу жөніндегі барлық ақпарат қос тілде берілген.
"Алматы-1 және Алматы-2 вокзалдарында 12 рентген телеаппараты мен тексеру қондырғысы орнатылған. Оның сегізі Алматы-1 және төртеуі Алматы-2 станциясында жұмыс істеп тұр", – дейді Алматы магистралды желі дирекциясының вокзал шаруашылығы жөніндегі директорының орынбасары Ерік Шынтеков.
Жолаушы мен вокзалға кіруші өзі мен қол жүгін тексеруді түсіністікпен қабылдап жатыр. Тұрғындар тексеріп өткізу режімінің қажеттілігі мен тексеруші инспекторлардың ізеттілігі мен жеделдігіне ризашылығын білдірді.
Үкіметтің қаулысына сәйкес жолаушыны тексеру лаңкестік қауіптің деңгейіне байланысты жүргізіледі. Лаңкестік қауіп болмаған жағдайда, лаңкестіктің қалыпты ("сары") деңгейінде жолаушы мен оның қол жүгі ішінара тексеріледі. Лаңкестік қаупі жоғары ("алқызыл") немесе қиын ("қызыл") деңгейінде барлық жолаушы мен оның қол жүгі тексеріледі.
Тексеру кезінде аса қауіп туғызатын (қару, оқ-дәрі, жарылғыш зат) зат табылған жағдайда тексеру жүргізуші инспектор арнайы мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау орган қызметкерлерін қосымша шара жүргізуге шақырады.
Тексеру жүргізудегі негізгі мақсат – көлік инфрақұрылымында төтенше жағдайға соқтыруы мүмкін құрылғы мен затты вокзалға кіргізбеу.