1 шілдеден бастап азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау күшейеді

597

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

1 шілдеден бастап азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау күшейеді Фото: gov.kz

Биылғы 1 шілдеден бастап азаматтардың жекелеген санаты үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша берілетін төлемдер 14,5%-ға артады. Жеті және одан да көп баланы дүниеге әкелгені үшін наградталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды.

"Әлеуметтік кодекс аясында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік жәрдемақылардың келесі түрлерінің мөлшерін орта есеппен 14,5%-ға арттыру көзделген:

- мүгедектік бойынша;

- асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша;

- арнайы әлеуметтік жәрдемақылар;

- мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;

- Байқоңыр қаласында тұратын және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

- саяси қуғын-сүргін құрбандарына немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер болып табылатын адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

- Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы",  - делінген хабарламада.

Аталған жәрдемақы түрлері былтырғыға қарағанда 23%-ға артады.  Республикалық бюджеттен бұл мақсатқа қосымша 37 млрд теңге бөлінді.

Еңбекминнің мәліметінше, бұдан бөлек 1 шілдеден бастап келесі мемлекеттік жәрдемақы түрлері 14,5%-ға артады:

- бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға;

- мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға).

Бұл жәрдемақылардың мөлшері 56 794 теңгеден  65 313 теңгеге дейін артады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша 6,4 млрд теңге бөлінді, деп жалғастырды ведомство.

Сондай-ақ келесі айдан бастап "Алтын алқа", "Батыр ана", I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградтталған, яғни 7 және одан да көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін өседі.

Сонымен қатар шілдеден бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлем мөлшері 14,5%-ға ұлғаяды.

Ақпаратқа сәйкес, жоғарыда аталған жәрдемақылардың мөлшерін арттыру ақпараттық жүйеде автоматты түрде жүргізіледі. Әлеуметтік төлем алушылардың уәкілетті органдарға қосымша өтініші талап етілмейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу