1 шілдеден бастап екінші деңгейлі банктер, бейрезидент-банктердің филиалдары, Қазақстанның Даму Банкі және Қазпошта Ұлттық банкке қазақстандықтардың банк шоттары мен салымдары бойынша бірқатар есеп беруге міндеттеледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қаулыда көрсетілгендей, екінші деңгейлі банктердің, ҚР бейрезидент-банктері филиалдарының, "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ және Ұлттық пошта операторының есептілігіне мыналар кіреді:
1) банктік шоттың (салымның) иесі туралы есеп;
2) банктік шот (салым) шарты туралы есеп;
3) банктік шот туралы есеп;
4) банктік шот бойынша операциялар туралы есеп.
Банктік шоттың (салымның) иесі туралы есепте банктік шот иесі резидент немесе бейрезидент, жеке тұлға, оның ішінде жеке немесе бірлескен кәсіпкерлік түріндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға, халықаралық қаржы ұйымы, заңды тұлға құрмайтын ұйым туралы мәліметтер көрсетіледі. Деректер 10 жұмыс күні ішінде ұсынылуы тиіс.
"Банктік шот (салым) шарты туралы есеп. Нысанда депозиттік ұйымның банктік шот (салым) иесімен олардың арасында банктік шот (салым) шартына орай және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қалыптасқан барлық өзара қарым-қатынастары туралы мәліметтер көрсетіледі. Нысанды ұсыну мерзімі: банктік шот туралы деректерді алған немесе өзгерткен күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде ұсынылады", – делінген қаулыда.
Банктік шот туралы есеп шот (салым) шартының нөмірі және жасалған күні бойынша белгіленеді.
"Жаңа банктік шот ашуға алып келген тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы шеңберінде салымдарды басқаға беру және бөлу операциялары бойынша ашылған банктік шоттар бойынша салымдарды басқаға беру немесе бөлу сәтіндегі шоттың сомасы көрсетіледі. Металл шот үшін орналастырылған металдың көлемі унциямен көрсетіледі. Егер банктік шоты ақша салмай ашылса, онда шоттың сомасы "0" ретінде көрсетіледі", – деп жазылған құжатта.
Ақпаратқа сәйкес, бұл мәлімет ай сайын ұсынылуы тиіс.
Ал банктік шот бойынша операциялар туралы есепте ақша қозғалысы туралы, депозиттік ұйымның банктік шоттар (салымдар) иелері алдындағы міндеттемелерінің өзгергені және ағымдағы жай-күйі туралы мәліметтер беріледі.
"Қаржы саласындағы қызметті тоқтата тұру (тоқтату) кезінде депозиттік ұйым банктік шот (салым) иесінің тиісті депозиттік ұйымға талап ету құқықтары тоқтатылғанға дейін есептілікті ұсынуды жалғастырады. Ақпарат болмаған кезде депозиттік ұйым қағидаларда белгіленген есептілікті ұсыну мерзімінен кешіктірмей Ұлттық Банкке депозиттік ұйымның басшысы қол қойған тиісті хабарламаны (хатты) электрондық түрде ұсынады. Хабарламаны (хатты) электрондық түрде ұсыну мүмкіндігі болмаған жағдайда, оны қағаздағы нысанда ұсынуға жол беріледі", – делінген қаулыда.