1 шілдеден бастап зейнетақы 20 пайызға артады

542

1 шілдеден бастап зейнетақы 20 пайызға артады

2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға артады. Мұны ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Ардагерлер ұйымы 1987 жылдың 21 наурызында құрылған. Бірлестік құрамында 1 млн 845 мың соғыс және еңбек ардагері бар. "Халық қаһарманы" және "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарының 17 лауреаты, 2 Кеңес Одағының Батыры, 115 Социалистік Еңбек Ері ұйымның мақтанышы саналады.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде ардагерлерге қамқорлық жасау, олардың тұрмыс деңгейін арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдығының бірі екенін айтты.

Мемлекеттік хатшы 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап президенттің тапсырмасымен зейнетақы 2016 жылмен салыстырғанда 20%-ға артатынын айтты. Бұдан бөлек, негізгі зейнетақыны тағайындау жаңа әдістемемен жүзеге асырылып, оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болмақ. Бұл шаралар 2018 жылы негізгі зейнетақыны 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік хатшы республикалық бірлестіктің Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін айрықша тілге тиек етті.

Соңында мемлекеттік хатшы президенттің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында қойылған міндеттерді іске асыруға ардагерлер белсенді түрде атсалысатынына сенім білдірді.

Салтанатты жиын барысында ардагерлер Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы көрсетіп келе жатқан қамқорлығы үшін алғыс айтты. Олар Қазақстанда салтанат құрып отырған бейбітшілік, бірлік пен келісім үшін мемлекет басшысының көреген әрі сындарлы саясатын бірауыздан қолдайтынын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу