2020-2021 оқу жылында Қазақстанның 7391 мектебінде 3,3 млм бала білім алмақ, деп хабарлады energyprom.kz.
COVID-19 пандемиясы кезінде еліміздегі оқушылардың басым бөлігі бірінші тоқсанда қашықтықтан білім алады. Дәстүрлі түрде тек алыс аймақтағы мектептер мен бастауыш сыныптардың кезекші сыныптары жұмыс істейді. Оларға санитарлық талаптарды қатаң сақтау туралы талап қойылған.
Елімізде білім беру қызметі тұрақты түрде дамып келеді. Оған статистикалық мәліметер дәлел. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында бастауыш сыныптардағы білім беру қызметінің жалпы сомасы 62 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1,6 есе жоғары. Ал орта білім саласында 303,9 млрд теңгеге қызмет көрсетілген. Мұнда да бір жылда көрсеткіштер 44,8%-ға өскен.
Жалпы білім беру саласындағы бастауыш білім беру қызметінің үлесі 9,5%-ды құрайды. Негізгі және орта білім қызметінің үлесі – 46,4%.
Жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында оқушыларымыздың басым бөлігі онлайн оқиды. Үкімет басшысы әдістемелік материалдарды толық әзірлеп, ұстаздар мен оқушыларды аталған жүйеге дайындау туралы тапсырма берген. Оның ішінде ұстаздарды арнайы оқытып, телеарна мен интернет-платформаларда қажетті контентті әзірлеу де бар. Яғни, енді кітаптармен қатар электронды форматтағы мәліметтер қатар жүреді. Бұған қоса үкімет аз қамтылған отбасылардың балаларына 500 мың компьютер бөлмек.
Құралай Құдайберген