Бүгін Астанада еліміздің мамандарына арнап Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаражатты қайтару тақырыбына семинар өтті. Семинар барысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченко 10-15 жылдың ішінде Қазақстаннан заңсыз шығарылған капиталды қайтаруға бағытталған министрліктің жоспарымен бөлісті.
"Бас прокуратура шілде айынан бері шет елдегі Қазақстанның активтерін қайтару шарасын бастады. Активтерді қайтару шараларында халықаралық ұйымдармен әріптестік орнатуға әрқашан әзір. Біз осы саладағы ақпарат алмасу бойынша дүниежүізілік желілерге қосылуға дайынбыз. Қазірдің өзінде Дүниежүізілік банк пен БҰҰ-ның активтерді қайтару бастамасына қосылуға ниет білдірдік", – деді прокуратура өкілі.
Оның айтуынша, министрліктің шілде айында қабылдаған "Шет елден ұрланған активтерді қайтару" бағдарламасы аясында қазіргі таңда 9 тренер дайындалуда. Кейін олар өздері секілді маман дайындап, мұнан соң ұрланған активтерді қайтару жолында жұмыс істемек.
"Бастама аясында тергеушілер мен прокурорларды оқытудан бөлек шет елден ұрланған активтерді қайтару бойынша тиімді жұмыс жүргізу үшін құқық қорғау органдарының әдістемелік және нормативтік базасын құруға бағытталған жүйелі шаралар атқарылды", – деді Бас прокурордың орынбасары.
Сонымен қатар, прокуротура өкілі 10-15 жылдың ішінде Қазақстаннан 100 млрд теңге көлемінде қаражаттың заңсыз шекара асқанын мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінге дейін осы соманың 30 пайызы қайтарылған көрінеді. Жоғарыда аталған бағдарлама қалған қаражатты қайтару мақсатында қолға алынып отыр.