10 мың доллар пара алған полиция қызметкері сотталды

905

Ол бұл сомаға қылмыстық қудалауды тоқтатуға уәде берген.  

10 мың доллар пара алған полиция қызметкері сотталды Фото: tengrinews.kz

Көкшетау қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығының орынбасары сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, басқарма бастығының орынбасары алақтық жасағаны және өзгені ірі көлемде пара беруге итермелегені үшін айыпты деп танылды.

"М. алдау арқылы жәбірленуші О.-дан оған қатысты бұлтартпау шарасын қолданбау, банктік шотына тыйым салмау және қылмыстық қудалауды тоқтату үшін пара талап еткені сотта анықталды. Ол жәбірленушіден 10 мың доллар алып, артынша тағы қосымша қаржы сұраған. Жәбірленуші сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінген. М. қалған соманы алып жатқан кезінде ұсталды", - делінген сот хабарламасында.

Осы әрекеті арқылы М. ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны дәлілденді. Сотталғанның кінәсі оның кінәсін мойындауымен қатар, куәлардың, жәбірленушінің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекетінің материалдарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен расталды.

"Қалалық полиция басқармасының бұрынғы бастығының орынбасары М. алаяқтық жасауға оқталып, ірі мөлшерде пара беруге азғырғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы) сотталды", - делінген хабарламада.

Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салумен қатар, пара ретінде алынған ақшалай қаражаты тәркіленіп, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ полиция майоры арнайы атағынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу