Өзара ынтымақтастық еңбек нарығының сұранысына сай маман әзірлеуге мүмкіндік береді, деп жазады inbusiness.kz.
Мемлекеттік тапсырыстың артықшылығы - колледж бітірген соң студент тапсырыс берушінің компаниясында жұмыс істейді. Ол үшін білім беру ұйымы, кәсіпорын және студент арасында үш жақты келісім-шарт жасалады.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Ернат Жүнісовтің айтуынша: "Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы оқу жылынан бастап жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша оқытуды бастады. Колледждер еңбек нарығына қажет кадр дайындайды. Кәсіпорындарға өз базасында тәжірибеден өткізу, тағылымдамаларын ұйымдастырып, түлектерді жұмысқа қабылдау жүктеледі".
Бүгінгі таңда кадр даярлауды "Сарыарқа автопром", "Kamaz" ЖШС, "Арселор Миттал Теміртау" АҚ, "Кентау трансформатор зауыты" АҚ, "Базис-Астана", "Аster Аuto Аstana" ЖШС және басқа да ірі кәсіпорындар қолдап отыр.