Елдегі тәртіпсіздіктер кезінде 10 өрт сөндіруші зардап шекті, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы ТЖМ-ге сілтеме жасап.
Қылмыстық топ өрт сөндірушілерге оқ жаудырып, тас лақтырған.
"Қақтығыс салдарынан Төтенше жағдайлар министрлігінің 10 қызметкері жарақат алды. Олардың біреуі атыс кезінде оқ тиіп жарақаттанған", – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ өрт сөндіру орындарына барған өрт сөндіру көліктеріне шабуыл жасау бойынша 33 жағдай тіркелді. 29 бірлік құтқару техникасы зақымданып, 5 өрт сөндіру автоцистернасы толығымен өртеніп кеткен. Сонымен қатар қылмыстық топ 7 өрт сөндіру машинасын ұрлаған.
"Өрттің шығу қаупіне қарамастан ТЖМ Мемлекеттік өртке қарсы қызметі аймақтағы 81 өрт оқиғасын сөндіріп үлгерді. Қауіпті аймақтан 143 адам құтқарылып, эвакуацияланды", – деп жазылған хабарламада.