10 сотық жер телімін алу үшін 1 миллионнан аса адам кезекте тұр

1585

10 сотық жер телімін алу үшін 1 миллионнан аса адам  кезекте тұр

1 миллион 300 мың адам 10 сотық жер телімін алу үшін кезекте тұр. Бұл туралы бүгін ҚР ИДМ құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Әкімдіктерде баспана кезегінде 450 мың адам, 10 сотық жер телімін алуға 1 миллон 300 мың адам тұр. Айта кетерлігі, мемлекет құрылыс жұмыстарын жаппай қолға алғаннан кейін барлық жерде де кезек саны арта түсті. Кезекте тұрған 450 мың адамның 25-30 пайызы бюджет, мемлекеттік қызметкерлері дәрігерлер мен мұғалімдер, шамамен 25-30 пайызы халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобы зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және ол 11 санатқа бөлінеді", - деді Жайымбетов.

Оның айтуынша, бүгінгі күні Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі салымшыларының саны миллион адамға жуықтаған.

"Шын мәнінде бағдарлама жұмыс істеп тұр. Халық та қызығушылық танытуда. Әрине, бұл бағытта мемлекеттің де көмегі бар", - деді комитет басшысы. Жайымбетовтың сөзіне қарағанда, "Нұрлы жер" бағдарламасының бір бағыты жеке тұрғын үй салушыларды қолдау шараларын көздейді. "Бұл бағдарлама кешенді, ұзақ мерзімге арналған. 15 жылдың ішінде 1 трлн 800 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 трлн 200 млрд теңге жаппай жеке тұрғын үйлер салынатын аудандарға инфрақұрылым тартуға жұмсалады. Жалпы, Тәуелсіздік алған 1991 жылдан  бастап 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін елімізде 1 млн пәтер салынды. Демек жылына орташа есеппен 40 мың пәтер деген сөз. Ал біз 15 жылдың ішінде 1,5 млн баспана салмақпыз", - деді ол.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу