10 тамыздан кейін бас тартылған гранттар қайта үлестіріледі

470

Қазақстанда жыл сайын шамамен 3 мың мемлекеттік білім гранты босап, қайта конкурс арқылы өзге талапкерлерге беріледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

10 тамыздан кейін бас тартылған гранттар қайта үлестіріледі Фото: ЖИ

Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті басқармасының басшысы Жандәулет Құдайбергенов мәлімдеді. Оның айтуынша, республикалық бюджет есебінен бөлінетін мемлекеттік білім гранттарына конкурс 20 шілдеге дейін жалғасады, ал қорытындысы 10 тамызға дейін жарияланады.

"Тәжірибе көрсеткендей, жыл сайын шамамен 3 мың мемлекеттік білім гранты босайды. Оның негізгі себебі – грант иегерлерінің бір бөлігі шетелдік жоғары оқу орындарына түседі, енді бірі мерзімді әскери қызметке шақырылады немесе түрлі жеке жағдайларға байланысты оқуын жалғастырмайды", – деді Жандәулет Құдайбергенов.

Оның сөзінше, негізгі конкурс аяқталғаннан кейін бос қалған гранттар қайта үлестіріледі.

"10 тамыздан кейін бас тартылған гранттардың тізімі қалыптастырылып, тамыз айының ортасынан қыркүйектің басына дейін қайта конкурс өткізіледі. Бұл ретте талапкерлерден қосымша құжат талап етілмейді. Себебі олар негізгі конкурсқа қатысқан кезде барлық қажетті құжатты өткізген", – деді комитет басқармасының басшысы.

Оның айтуынша, босаған гранттар негізгі конкурсқа қатысқан талапкерлер арасында ҰБТ нәтижесі мен конкурстық іріктеу қорытындысына сәйкес қайта бөлінеді.

"Осылайша мемлекеттік грантқа өте алмаған талапкерлерге тағы бір мүмкіндік беріледі", – деді Жандәулет Құдайбергенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу