10 жастағы бала футболшылар тобының құрамында Алматы-Анталия ұшағы КС 915 рейсімен футбол лагеріне кеткен. Түркияға келген соң ғана ол төлқұжатының жоқтығын байқаған.
– Тіркеуден өту, қол-жүктерін тексеру және ұшаққа отырғызу кезінде баланың мойнына арнайы сөмкеге салынған барлық қажетті құжаты болған. Түркияға жеткен кезде бала өзінің халықаралық төлқұжатының жоғалып кеткенін біліп, бұл туралы Air Astana қызметкеріне хабарлаған, бірақ төлқұжат табылмаған, – деп жазды заңгер.
Ал, әуекомпания жолаушыларды тасымалдаудың халықаралық нормаларын қатаң сақтайтынын жеткізіп отыр. Сондықтан, төлқұжаты жоқ бала Түркияда паспорттық шекаралық бақылаудан өте алмай, екі күн бойы, яғни 21 желтоқсанынан 23 желтоқсанына дейін әуекомпаниясының өкілдерінсіз депортация бөлмесінде жалғыз қалуға мәжбүр болған.
Жалпы, балаларды алып жүру қызметі заңды өкілден баланы қабылдауды, ұшу кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және ұшып келген кезде заңды өкілге беруді қамтиды. Бұл ретте құжаттар мен жеке заттар үшін жолаушының өзі жауапты болады.
– Рейске ресімдеу кезінде құжат жолаушыда болды, бұл бейнежазбамен расталады. Әуекомпания қызметкерлері төлқұжатты өз бетімен іздеді, бірақ, өкінішке қарай, құжат табылмады. Әуекомпания ҚР консулдығын болған оқиға туралы жедел хабардар етті, – деп атап өтті әуе компания.
Сонымен қатар, Air Astana әуекомпаниясы депортациялау туралы шешімді сол елдің көші-қон қызметі қабылдайтынын мәлімдеп отыр.
– Баланы ұстау шарттарын Түркияның көші-қон қызметі белгілейді. Өз тарапынан әуекомпания баланы үш реттік тамақпен және психологиялық қолдаумен қамтамасыз етті және жағдайды тез арада шешу үшін ҚР консулдығымен және Түркияның көші-қон қызметімен тұрақты байланыста болды. Бұл жағдайда әуекомпания көші-қон қызметінің ұйғарымын орындауға міндетті және ол орындалды: бала Қазақстанға тікелей рейспен қайтарылды. Бұл үшін ережеге сәйкес оның кері билеті пайдаланылды, – деп жазды Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі.