Мұнан бөлек, 10 желтоқсанға дейін мұғалімдердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар енгізілмек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олжас Бектенов Үкімет отырысында инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауды кеңейту және педагогтерге әкімшілік жүктемені азайту жөнінде бірқатар тапсырманы жауаптыларға жүктеді.
Оқу-ағарту, Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері, өңір әкімдері Инфрақұрылымдық даму қорының жобалары тізбесіне 20 инклюзивті мектептің ‒ оңалту және сауықтыру кабинеттерімен жарақталған жаңа форматтағы кешендер құрылысын қосуды қамтамасыз ететін болады.
Ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен, "Қазақстан халқына" қорымен бірлесіп, мамандар тапшылығын азайту және ерекше қажеттіліктері бар балаларды ерте тиімді диагностикалау жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеуі қажет.
– Балаларды оқыту мен тәрбиелеу тиімділігін арттыру, мұғалімдердің қызметіндегі артық жүктемені азайту және олардың беделін қорғау үшін Оқу-ағарту министрлігіне әкімдермен бірлесіп, есептіліктің барлық түрін қайта қарауды тапсырамын. Олардың әртүрлі платформада қайталануын жойып, есептер санын азайту қажет, – деді Олжас Бектенов.