"10 жыл бойы ішімдікке үйір болды": Илья Ильин Алмаз Өтешов туралы шындықтың бетін ашты

981

Спортшы Рахым Ошақбаевқа берген сұхбатында көптеген жағдайлардың бетін ашып, бүкпесіз әңгіме өрбітті. 

"10 жыл бойы ішімдікке үйір болды": Илья Ильин Алмаз Өтешов туралы шындықтың бетін ашты Фото: коллаж inbusiness.kz

Чемпион Илья Ильин Алмас Өтешовпен қарым-қатынасы туралы айтып, әріптесінің соңғы он жылда ішімдікке әуес болғанын атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Алмас Өтешов - менің досым. Екеуміз кезінде бірге жаттықтық. Бір командада болып, маған қолдау білдірген жандардың бірі. Өмірде бір сәттерде қиындыққа тап болатын кезеңдер болады. Алмастың осындай күйге түскені өкінішті. Ол 10 жыл бойы ішімдікке үйір болды. Өзі берген сұхбатында көптеген шындықты айтты. Өкпе-реніші де бар. Алмас өзінің жан дүниесіндегі айқайды қоғамға жеткізгісі келеді. Досым қазір клиникада ем қабылдап жатыр. Жағдайы жақсы. Біздің қоғам оған барын берді, көмектесті, бірақ оны ол көтере алмады. Сол кездері одан теріс айналған жоқ. Сондықтан ол екеумізге қоғамның кінә артпағанын қалаймын. Алмас ақылға келіп, ішімдік ішуден бас тартса - бұл біздің жеңісіміз екені даусыз. Жақын күндері ем алу процесі аяқталған соң бейнежазбаға түсіріп, оны жариялайтын боламын", - деді Ильин.

Сұхбатта Илья Ильин өзінің допингке байланысты кері қайтарған медальдары туралы да айтты.

Спортшы өзінің өкінішіне айналған жағдай туралы үнемі қалың ойға берілетінін алға тартты.

"28 жасымда Олимпиадада иеленген екі медальды тартып алған кезде не істерімді білмегенім рас. Мұндай оқиға менің өмірімде алғаш рет болды. Сөйтіп федерациядан заңгер сұрап, әрі қарай күрескім келді. Ол тарап қаржыландыру мәселесі бойынша ұзақ күтіп, кейін заң жағынан көмектесті. Негізі аяғына дейін бара алмадым, күреспедім. Себебі, өзімді құрбан ретінде көрсетіп, аянышты болғым келмейді. Бірақ сол кезде қасымда бағыт беретін мықты адам болмай, жалғыз қалдым. Бәрі де бірауыздан "ой, шыда" дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Швейцариядағы заңгерлерге де бардым. Бірақ ештеңе істей алмайтынын жеткізді. Кейде Бейжің мен Лондон Олимпиадасында иеленген алтын медальдарымды қайтарып алуды ойлаймын. Жеңілсем де өмір бойы күресіп өтетін шығармын", - деді ауыр атлет сұхбат барысында.

Таяуда белгілі ауыр атлет Алмас Өтешов допинг мәселесіне қатысты сұхбат беріп, кезінде ұлттық құрама сапында жүргенде тыйым салынған дәрілік препараттарды қолданғанын ашық мойындады. Ол бұл мәселенің ақшамен шешілгенін де жасырмады. Сондай-ақ, егер сол уақытта тыйым болмағанда Рио Олимпиадасында Қазақстан ауыр атлеттері жоғары нәтижеге жетуі мүмкін екенін де атап өтті.

Еске сала кетсек, Илья Ильин 2016 жылы Қазақтан ауыр атлеттерімен бірге айыпталып, Олимпиада ойындарында иеленген медальдарын кері қайтарып беруге мәжбүр болды. Олардың қатарында Лондон Олимпиадасының чемпионы атанған Мая Манеза, Зульфия Чиншанло, Светалана Подопедова сынды ауыр атлеттер де бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу