Осыдан 10 жыл бұрын жаңа мектептің табалдырығын аттаған бүлдіршіндер, енді мектеп бітірер жылы үлкен өмірге едені шіріген ескі мектеп аттанатындай күйде жүр.
Бірлес орта мектебінің іргесі 2011 жылы қаланып, 2012 жылы 29 тамызда пайдалануға берілген болатын. Ал 3 жыл бұрын едені жарылып, сыр бере бастаған. Ақыры ойылып түсіпті. Мектеп директоры Бекмұрат Қиялбеков сұрастырып жүріп, құрылысты жүргізген "Береке Құрылыс Холдинг" ЖШС екенін анықтап берді.
Сұрастырып жүріп дейтініміз, ол басшылық қызметке 2015 жылы келген екен. Ал мемлекеттік комиссия 10 жыл бұрын жүргізілген құрылыстан осындай олқылық шығады деп ойламаған болар. Байқаса да, көзжұмбайлықпен қарады ма, кім білсін?! Ал қазір мамандар асхананың едені төмен қарай шөгіп жатыр деп қорытынды шығарып отыр.
"Мамандар кезінде едіннің астындағы қиыршық тастар нығыздап тегістелмегенін айтып отыр. Мектеп асханасының осы жағдайынан аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармасының басшылары хабардар. Тиісті мекемелерге бәріне айтып, осы мәселені шешіп беруді сұрадық. Жамбыл облыстық қоғамдық кеңесіне де хат жолдадық", - деді мектеп басшысы.
Директор едені ойылып түскен асхананың қойма жағы екенін, негізгі залының кафельдері жарылып жатқанын айтты. Үш жылдан бері тиісті мекемелерге хат жазып, айтар жерге айтқанмен, шешімін таппай тұрған мәселе ата-аналарды да алаңдатып отыр.
Негізі талапқа сәйкес, жаңа ғимаратқа 10 жыл өткен соң ғана күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіледі екен. Сондықтан мектеп мұғалімдері мен ата-аналар жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылып, биыл бұл мәселе қалайда шешімін табатынынан үмітті.
Ардақ Үсейінова