10 жылдан соң Олимпиада ойындары өтуі мүмкін қаланың аты аталды

Алдын ала болжам бойынша, Бавария астанасы Мюнхен тұрғындарының басым бөлігі қалада Олимпиада және Паралимпиада ойындарын өткізу идеясын қолдаған.  

10 жылдан соң Олимпиада ойындары өтуі мүмкін қаланың аты аталды Фото: Olympics.com

DW басылымы Берлин уақытымен сағат 20:21-де 364 сайлау учаскесінің 345-інде дауыстар саналғанын жазады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Дауыс беру нәтижесінде "иә" деп жауап бергендердің саны "қарсы" болғандардан екі есе көп: 284 мың адам, қарсы – 144 мың тұрғын. 

Süddeutsche Zeitung газеті дауыс беру белсенділігі (38,5%) Мюнхен тарихындағы рекордтық деңгейге жеткенін хабарлады. Осыған дейінгі рекорд 2001 жылы тіркелген еді, сол уақытта қала тұрғындары Фреттманинг ауданында жаңа стадион салу мәселесіне қатысты референдумға қатысып, 37,5% көрсеткішке жеткен-ді. 

Қалай болғанда да, ақырғы шешімді Неміс Олимпиадалық спорт конфедерациясы (DOSB) қабылдайды. Олар мұны келесі жылы ғана нақты айта алады. Себебі, Германияның Олимпиада өткізуге ресми өтінім беретін-бермейтіні туралы шешім 2026 жылы айтылуы тиіс.

Негізінен, Олимпиаданы өткізу орны ретінде Берлин, Гамбург немесе Рейн-Рур аймағы да қарастырылуы ықтимал. Ал Гамбург билігі өз қаласындағы Олимпиада өткізу мәселесіне қатысты референдумды 2026 жылдың 31 мамырына белгілеген. 

Еске салайық, жазғы Олимпиада Мюнхенде бір рет, яғни 1972 жылы ұйымдастырылды. Десе де, ол ойындар палестиналық лаңкестік ұйымның терактісімен тарих қойнауына енді. Сол оқиғада 11 израильдік спортшы мен 1 батысгерманиялық полицей қаза тапқан болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу