Елордадағы колледж студенттерінің бірі өзінің жеке сервистік орталығын ашқан. Бұл туралы оқушылардың қалалық слеті барысында айтылды. Мектеп жасындағы жасөспірімдер жыл басынан бері бейінді сыныптарда жұмысшы мамандықтарының қыр-сырын меңгеріп келді.
Осы жылдың қаңтарында "Жұмысшы мамандықтар" жылы аясында Астана қаласының колледждерінде "1000 бейіндік сынып" жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Atameken Business телеарнасы.
Онда сервистік қызмет көрсету, дизайн, киім өндірісі, темір жол көлігі, IT, медицина, педагогика сынды 8 бағыт бойынша дәрістер мен тәжірибелік сабақтар өтті. Жобаға елордадан 21 колледж, 70-тен астам мектеп және 7 ЖОО қатысты.
"Мұндағы басты мақсат – 7-сыныптан бастап оқушыларға болашақ мамандықтарын дұрыс таңдауға бағыттау, сонымен қатар кәсіптік техникалық білім беру негізгі базалық білімді алуына байланысты сол бағытта насихаттау жұмыстарын жүргізу. Жұмысшы мамандықтар біздің болашағымыз. Мемлекеттің қалыптасуына ең керек мамандықтардың бірі болып есептеледі", – деп мәлімдеді Астана қаласы "Әдістемелік орталығының басшысы" Сындар Дауешова.
Жоба "Жұмысшы мамандықтары жылы" аясында іске асырылуда және мектеп түлектерін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына тартуды мақсат етеді.