Қарағандыда балалардың ойын алаңы мен гүл шоқтарының арасында көп пышақ қадап кеткен адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 21 шілдеде және 1 тамызда полицияға жерге қадалып тұрған пышақтарға қатысты үш хабар келіп түскен. Учаскелік инспекторлар, криминалдық полиция және ювеналдық полиция қызметкерлерінен жасақталған 3 жұмыс тобы құрылды. Олар сол маңайға жақын үйлердің тұрғындарынан оқиа туралы сұрастырып көрді. Бақылау камераларындағы видеолар қаралды. Одан жерге пышақ қадап жүрген кейуана екені анықталды.
"Жол-патрульдік полиция полкінің қызметкерлері 68 жастағы қала тұрғынын ұстады. Жауап алу барысында әйел адам аяғы ауырып жүргенін, соны дәстүрлі емес медицина әдісімен емдемек болғанын айтып жеткізді. Ол бір журналдан пайдаланылмаған пышақтардың көмегімен, яғни оларды ашық алаңға, жерге қадап қою арқылы емдеуге болатынын оқыған. Осындай емдеу тәсілін сынап көрмек болған ол түрлі сауда орындарынан пышақтар сатып алған", - деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Әйел адамның үстінен "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Еске сала кетсек, Қарағандыда балалар ойнайтын алаңға белгісіз біреу жерге 72 пышақ қадап кеткен еді. Бір аптадан соң оқыс оқиға қайталанды, бұл жолы гүл шоқтары арасынан 36 пышақ табылды.