Алматыда жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты басталды. Кеше 23 шілде күні алдымен 100 метрге жүгірген ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаз анықталды, деп хабарлайды olympic.kz.
Виктория Зябкина жақында Швейцариядағы халықаралық жарысқа қатысып келген. Сондықтан 100 метрге жүгірген жоқ. Ол осының алдында Қосанов Мемориалында бұл қашықтықта биылғы маусымдағы үздік нәтижені тіркеген (11.20 сек). Зябкина 200 метрге және 4х100 метрлік эстафетаға қатыспақ.
Есесіне, Ольга Сафронова белсенді. Павлодар облысының намысын қорғап жүрген атлет былтыр күзде аяғына ота жасатқан. Содан кейін әлі толық бабына келіп үлгермеді. Дегенмен, Қазақстан чемпионатында Ольгаға бәсекелес ешкім болған жоқ. Іріктеу кезеңінде жалғыз өзі 11.75 секундта жүгірді. Финалда жылдамдығын тағы 0.11 секундқа арттырды (11.64). Сөйтіп, сенімді бірінші орын алды.
Күміс жүлдеге 21 жастағы Юлия Лукьянова ие болса, үштікті өте талантты 15 жастағы Александра Залюбовская қорытындылады.
Ерлерден Владислав Григорьев үздік болды. Ол өзінің осы маусымдағы ең нәтижесін көрсетті. Алайда, жеңімпаздың бұл нәтижеге көңілі толған жоқ.
Бір қызығы, соңғы кездері ерлер арасындағы 100 метрге жүгіруде елімізде фальстарт жиі болып жүр. Мұның алдында Ғ. Қосанов Мемориалында, Қазақстан кубогында сондай жағдай қайталанған. Бұл жолы финалда фальстартқа байланысты екі рет тоқтатты.
Григорьев мәреге бірінші жетті – 10.41. Осы жігіттердің арасында ұшқыры саналатын Сергей Русак төрешінің ысқырығы естілісімен бірден көшбасшылықты өзіне алғанымен, екінші орынды қанағат тұтты –10.68. Үштікте Виталий Земс бар (10.72).