"Биыл электронды еңбек биржасында пилоттық режимде 5 мың жұмыссыз азаматты тегін онлайн-оқытумен қамтамасыз ету көзделген. Электронды еңбек биржасы базасында азаматтарды онлайн-оқытуды ұйымдастыру үшін 1 шілдеден бастап жұмыс істей бастаған арнайы портал әзірленіп, іске қосылды. Бүгінгі таңда порталда 135 курс авторы және 11 мыңға жуық қолданушы тіркелген. Курстардың жартысынан астамы тегін және кез келген қазақстандық үшін қолжетімді. Іске қосылған сәттен бастап барлығы 6,6 мың адам білім алды, оның ішінде 4,8 мың адам – ресми тіркелген жұмыссыздар", – деді министр.
Серік Шәпкенов кәсіпкерлікті дамыту бойынша жаңа ұлттық жоба аясында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша онлайн-оқытуды портал арқылы дамыту жоспарланғанын жариялады.
"Ұлттық жоба аясында кәсіпкерлікті қолдау шарасын "бір терезе" қағидаты бойынша онлайн-портал арқылы ұсыну көзделіп отыр. Аудандардың экономикалық мамандануын анықтау үшін 163 мастер-жоспар әзірленіп, мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер осы мастер-жоспарларда қарастырылған бағыттар бойынша ұсынылатын болады. Мемлекеттік грант беру процесі толығымен автоматтандырылады. Бұл оларды беру кезінде адами факторды болдырмайды, өтінімдерді қарау мерзімін едәуір қысқартады", – деді ол.
Серік Шәпкенов Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 150 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланғанын, жастар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 100 мың жаңа бизнес идеяны іске асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік грант тағайындалатынын айтты.
Қанат Махамбет