"1000 еркек зорлаған": Қызылордада 16 жастағы оқушыны сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген

1933

Қызылордада сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген 16 жастағы оқушының ісіне қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"1000 еркек зорлаған": Қызылордада 16 жастағы оқушыны сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген Фото: freepik

Оқиғаның егжей-тегжейі туралы "НеМолчиKZ" қорының басшысы Дина Таңсәрі мәлімдеді.

Жәбірленушінің анасының айтуынша, барлығы қызы 10-сыныпта сыныптас құрбысымен жақын араласа бастаған кезде басталған.

"Біз бұл сұмдық туралы білмедік. Бұл сыныптасы біздің үйден 500 метр жерде тұрады. Олар жақсы араласып жүрді. Содан кейін құрбысы және басқа да сыныптастары қызымызды олардың үйіне жіберуімізді жиі сұрап келе бастады. Басында қарсы болдық, бірақ бәрі жақсы болады деп сендірген соң рұқсат беріп жүрдік. Қаңтар айында олар қызының телефонын алып, оны жезөкшелерге арналған сайтқа тіркеп, мас және жалаңаш күйінде киім ауыстырып жатқанын видеоға түсіріп алып, бопсалаған. Алғашында қызым олардан қорыққан. Ақпан айында қызым үйге келіп, мектепке барып жүрді. Бірақ содан кейін қылмыскерлердің талабы күшейіп, қызым күндіз де, кешке де шыға бастады. Екі күн бойы үзіліссіз жезөкшелікпен айналысуға мәжбүр болған күндері де болыпты. Егер ол ақшаны аударуды 5 минутқа кешіктірсе, оны ұрып-соғады екен", – дейді жәбірленушінің анасы.

Полиция қызға келген ер адамдардың барлық ақша аударымдарын анықтады. Олардың саны 1000-нан асады. Күдіктілер ай сайын жәбірленушіні пайданалып 3 миллион теңгеге жуық табыс тауып отырған.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиын өткізіп, кәмелетке толмаған қызды жезөкшелікке тарту фактісінің алдын алмаған уәкілетті тұлғаларға қатаң шара қолдануды талап етті.

Облыс әкімі бұл атышулы қылмыс жарты жылға жуық уақытқа созылғанын айтты. Бірақ полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен мұғалімдер бұл мәселе туралы білмеген.

"Желіде учаскелік полиция инспекторы мен мектептің ювеналды полиция қызметкері бұл мәселеден хабардар екені туралы ақпарат тарады. Немқұрайлылық осы қызметкерлерден басталды. Олар жағдайды алдын ала зерттеп, әрбір тұрғынды бақылауға алуы қажет еді. Алайда мұндай жұмыстар мүлде жүргізілген жоқ", – деді Нәлібаев.

Оның айтуынша, білім саласы мамандары да өз жұмыстарына немқұрайлы қараған. Мектеп басшылығы, мұғалімдер, мектеп инспекторы өз міндеттерін орындамаған.

Бұл келеңсіз оқиғаның алдын алуға мектеп психологы, сынып жетекшілері, әлеуметтік педагог, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және мектеп директоры еш әрекет жасаған жоқ.

Әкім оқушының сабақтан жиі қалып қоятыны белгілі болғаннан кейін мұғалімдер дұрыс профилактикалық жұмыс жүргізбегенін, керісінше мәселені жасыруға тырысқанын атап өтті.

"Бүгіннен бастап №7 мектеп-лицейінің директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психолог, әлеуметтік педагог және сынып жетекшілері жұмыстан босатылсын, қалалық білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жариялансын, оқу бөлімінің жауапты маманы қызметінен босатылсын. Білім басқармасының басшысына қызметіне сай емес деген мәлімдеме жасалсын", – деді облыс әкімі.

Сөзінше, оқиғаға өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған мектеп инспекторы мен учаскелік полиция инспекторы тікелей кінәлі.

Сонымен қатар оны бақыламаған кәмелетке толмағандар істері жөніндегі ювеналды полиция бөлімі, қалалық ішкі істер басқармасы мен облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасын да сынға алды.

"Осыған байланысты полиция бөлімшесінен жұмыс күнінің соңына дейін атқарылған шаралар туралы есеп беріп, жауапты мамандарға қатысты жұмыстан шығару сынды шара қабылдауды талап етемін", – деді Нәлібаев.

Облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкілі Жақсыгүл Тоғановаға облыстағы барлық білім беру ұйымдарының жұмысын сараптай отырып, дереу жұмыс тобын құру тапсырылды.

Ол енді алдын алу шараларын жүргізіп, проблемасы бар отбасыларды аралау қажет.

Әкім оқиға басталғалы бері жергілікті атқарушы органдар зардап шегушінің отбасына жан-жақты көмек көрсетіп келе жатқанын және алдағы уақытта да көмек көрсететінін атап өтті. Ол тергеу әрекеттерінің барынша объективті жүргізілуін талап етті.

"Бұл қылмысқа қатысы бар барлық адамдар анықталу керек, олар қолданыстағы заңнамаға сәйкес ең қатаң жазаға тартылатынына сенімдімін", – деді әкім.

Айта кетейік, қазір кәмелет жасына толмаған күдіктілер қамауға алынып, олардың ата-анасының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал жәбірленген қыздың үйін полиция тәулік бойы күзетіп тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу