"1000 теңгені қабылдамай жатыр"

759

Ұлттық банк түсінік берді.

"1000 теңгені қабылдамай жатыр"

Дүкенде номиналы 1000 теңге болатын "Күлтегін" естелік банкнотын қабылдамаған жағдайда Ұлттық банктің аумақтық филиалына өтініш жазу керек. Бұл туралы аталған банктің Қолма-қол ақша айналысы департамент басшысы Динара Даутова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, Ұлттық банкке тұрғындар хабарласқан. Олар дүкендер 1000 теңгені қабылдамай жатқанын айтқан.

"Бұл купюралар заңды төлем құралы болып саналады. Оларды басқа да естелік банкноттар секілді банк операциялары мен  аударымдар кезінде және төлемнің кез келген түрі бойынша қабылдауға міндетті. Мұндай банкнотты қабылдаудан бас тартқан жағдайда  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 206-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", - деді Динара Даутова.

Ол мұндай ақшаны қабылдамаған жағдайда не істеу керегін түсіндірді.

"Сізден бұл банкноттарды қабылдамаса, Ұлттық банктің аумақтық филиалына өтініш білдіруіңіз қажет. Банкнотты қабылдаудан бас тарту фактісін  бейнежазбаға түсіруді немесе жазбаша негіздеме талап етуді ұсынамыз", - деді департамент басшысы.

Динара Даутова айналымда "Күлтегін" банкнотынан басқа атаулы күндер мен оқиғаларға арналған естелік  банкноттар барын атап өтті. Олар да
заңды төлем құралы болып саналады.

"Оларды екінші деңгейлі банктар мен "Қазпошта" АҚ-тың барлық бөлімшесінде, Ұлттық банктің филиалдарында ауыстыруға және айырбастауға болады. Аталған банкноттар тозған кезде айналымнан  алынады", - деді басшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу