Елбасы қазақ халқы секілді демографиялық күйреуді ешкім бастан кешпегенін айтады. Солай бола тұра қатыгездік пен өшпенділікке бой алдырмаған халықпыз.
"Бүгін Қазақстан өзінің тарихындағы ең қайғылы оқиғаларының бірі – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтуде. Осылайша, жыл сайын 31 мамырда xалқымыз нәубет жылдары құрбан болған туыстары, бауырлары және достарын еске алады. Бұл – Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие күн. Қайғы-қасірет қақпасы арқылы біз қайта алаңсыз бейбіт өмірге ораламыз. Ендігі парызымыз – бүгінде жетіп отырған құндылықтарымызды бағалай білу, оған жету жолында құрбан болған боздақтардың ерлігін ұмытпау",– делінген әлеуметтік желідегі жазбада.
Айта кетсек, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында болған зобалаңда талай азамат жазықсыз атылып, әйелдер айдауда болды, балалар жетім қалды. Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.